Skip to content Skip to footer

      М.О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты құрамындағы Қолжазба бөлімі жеке құрылым ретінде 1962 жылы ашылды. Ал осы бөлімдегі қолжазбалар қорының тарихы одан ертеректен басталады. Ресми деректерге қарағанда, ол халық əдебиетін жинау, жариялау ісімен тікелей байланысты болды. Қолжазбалардың бір орынға жиналуы Қазақстанда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін алғашқы фольклорлық- ағартушылық жұмыстың бір саласы ретінде жүргізілді. Қазіргі белгілі алғашқы қолжазбалардың кейбіреулері 1921 жылы Ə. Диваев ұйымдастырған фольклорлық- этнографиялық экспедициялардың іздестіру-жинау жұмысы нəтижесінде фольклор зертеушілер қолына түсіп пайда болған.

     Бұл бөлімді əр жылдары белгілі əдебиеттанушы, фольклортанушы ғалымдар: Кеңестер Одағының батыры, КСРО Педагогикалық ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор М. Ғабдуллин, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар: М. Базарбаев, Ə. Нарымбетов, О. Нұрмағамбетова, Ш. Ыбраев, А. Сейдімбек, Ж. Тілепов, Б. Əзібаева, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С. Қасқабасов, филология ғылымдарының кандидаттары: С. Сейітов, Ү. Субханбердина, С. Қосанов, Т. Əлбеков басқарды. Қолжазба бөлімінің негізгі қорын 300 000-нан астам атаудан тұратын 1500-дей бумада жинақталған қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар т.б.) ескі қолжазбалар жəне ХІХ-шы жəне ХХ-шы ғасырдың басында жарық көрген қазақ мəдениеті мен тарихына қатысты литографиялық кітаптар, сондай-ақ жалпы ұзындығы 700 шақырымдай болатын 300-ге жуық аудиотаспа мен микрофильм, микрофишалар құрайды.

     Бөлім қызметінің басты ғылыми бағыттары мыналар:

  1. Қазақ қолжазбаларын заман талабына, қазіргі заманғы белгіленген мəртебесі мен маңызына сəйкес реставрациялау, консервациялау жəне олардың қолжазба мұра күйінде сақталуына, болашақ ұрпақтың пайдалануына жағдай жасау;
  2. Қолжазба мұраларды ғылыми айналымға түсіру жəне оларды жүйелі жариялау арқылы жас ұрпақтың игілігіне жарату.
    Осы бағыт-бағдарларды іске асыру мақсатында əр жылдары төмендегідей жұмыстар атқарылды:
  • бұрын зерттелмеген, жарық көрмеген жəне белгісіз болып келген, сондай-ақ тыйым салынған халық əдебиеті үлгілерінің ғылыми жəне ғылыми-көпшілік басылымдарын дайындау;
  • қолжазба мұраларды жанр бойынша жүйелеп, ғылыми сипаттамасын жазу, сол арқылы ғылыми айналымға енгізу;
  • қолжазбалардағы фольклорлық жəне авторлық ауыз əдебиеті үлгілеріне мəтінтанулық зерттеулер жүргізу;
  • қолжазбаларды консервациялау, мұрағаттау, қайта қалпына келтіру, қайта көшіру, мағынасын ашу жəне транскрипциялау, көне қолжазбаларды СD-ROM- ға көшіру (400 к/диск).

     Қолжазба қорының негізін қазақ халқының бай фольклорлық мұрасы, атап айтқанда ғашықтық, қаһармандық, тарихи, романдық, дастандық, ертегілік эпостары; діни, романдық, новеллалық дастандары; батырлық, қиял-ғажайып, новеллалық, сатиралық жəне жан-жануарлар туралы ертегілері; айтыстар; жұмбақтар, мақал-мəтелдер, қара өлең, ғұрыптық, балалар фольклоры үлгілері, ақын-жыраулар, би-шешендер, халық ақындары мұраларының үлгілері құрайды. Олардың дені ХІХ ғасырдың 70 – 80 жылдарынан бері хатқа түсіп, қазақ халқының рухани өміріне айырықша ықпал етіп келді.

     Жазба жəдігерлер арасында М. Байжановтың, Т. Ізтілеуовтің, Ш. Жəңгіровтің, С. Шормановтың авторлық қолтаңбалары сақталған, сондай-ақ Бұхар жырау, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет жырау, Абай, Нұржан, Əбубəкір Кердері, Дулат, Мұрат, Шортанбай, Мəшһүр Жүсіп, Нарманбет, Албан Асан сынды ХҮ–ХХ ғасыр басында өмір сүрген ақын-жыраулар шығармаларының фотокөшірмелері мен қолжазбалары бар. Сонымен бірге Қазан төңкерісіне дейін жазылып алынған жəне басылып шыққан фольклорлық туындылардың Қазан, Уфа, Санкт-Петербург, Ташкент т.б. қалаларда араб қарпінде жарық көрген басылымдары жинақталған.

     Қордың жəне бір ауқымды бөлшегін М. О. Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының əр жылдары ұйымдастырған фольклорлық экспедицияларда аудиотаспаларға жазып алынған қазақтың аспаптық музыкасы мен музыкалық фольклорының, əсіресе халықтың «төкпе» жəне«шертпе» күй мектептерінің аса көрнекті өкілдері: Құрманғазы, Дəулеткерей, Дина, Тəттімбет, Есір, Баламайсан, Мəмен, Еспай, Сүгір, Қорқыт, Ықылас, Абылай хан күйлері, күйші-композиторлар: Т. Момбековтің, Н. Тілендиевтің, Г. Асқаровтың, Ғ. Хусаиновтың, С. Нұрбаеваның, А. Қожабергеновтің (1958, 1962, 1964 жж. ғылыми экспедициялар) төл шығармалары, Ақан, Біржан, Естай, Жаяу Мұса, Кенен секілді əнші-ақындардың фономұралары, Кеңес кезеңіндегі өнер майталмандарының, танымал халық ақындарының, жыршы- термешілердің, ғалымдардың, ақын-жазушылардың аудиожазбалары құрайды.

     Институт мұрағатындағы мəліметтерге қарағанда, Қолжазба бөлімі 1962 жылы бөлім меңгерушісінен (лауазымды бірлік – бос), 1 аға ғылыми қызметкерден (филология ғылымдарының кандидаты Ш. Ахметов), 1 кіші ғылыми қызметкерден (Г. Сұлтанғалиева), 1 аға лаборанттан (Т. Қанағатов) жəне 1 лаборанттан (С. Шоқпарова) тұратын шағын штатпен қызмет істей бастады.

     Осы жылы институттың 1959-1962 жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жоспарындағы «Қазақ əдебиетінің тарихы» атты ұжымдық зерттеуінің советтік фольклор бөлімі (Алматы, 1961. І том, ІІ бөлім) жарық көрді. Бұл зерттеу жұмысына институттың барлық фольклорлық бөлімдері қатысқан, олардың арасына Қолжазба бөлімінің қызметкерлері: Ш. Ахметов пен Г. Сұлтанғалиеваның ғылыми-зерттеу еңбектері де енген. 1962 жылы бөлім қызметкерлері қатысуымен «Ақындар айтысы» атты айтыстар жинағы жарыққа шықты (Құраст.: Е. Ысмаилов, Б. Ысқақов, Ш. Ахметов. Алматы, 1962).

     1963 жылы институт директоры М.Базарбаевтың бұйрығымен (12 сəуір, No 34.) Қолжазба бөлімі «Қолжазба жəне мəтінтану бөлімі» болып қайта құрылады. Оған институт жанындағы қолжазбалар қорын толықтыру, оларды жүйелеу жəне мəтіндерді зерттеп, ғылыми жұмыстар жазу міндеті жүктелді.

     Жаңа бөлімнің меңгерушісі қызметіне белгілі фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мəлік Ғабдуллин тағайындалды (Ол бұл қызметті осы күннен бастап 1968 жылдың наурыз айына дейін атқарды). Бөлімде М.Ғұмарова, Ш.Ахметов (аға ғылыми қызметкерлер), Б.Ысқақов, Г.Сұлтанғалиева, Т.Абдрахманова (кіші ғылыми қызметкерлер), Т.Қанағатов, С.Шоқпарова (аға лаборанттар), Қ.Қабдолова (лаборант) сынды қызметкерлерден құралған шағын ұжым қалыптасты.

     Осы жылы қолжазбаларды ғылыми-техникалық рəсімдеу жəне өңдеу жұмыстары бойынша алғашқы нұсқаулық құрал дайындалып, қолжазбалардың тақырыбы, жанрлары анықталды жəне материалдарды жинаушылар мен мəтіндердің авторлары белгіленді. Əсіресе ХҮІІІ, ХІХ ғасырлардағы жəне ХХ ғасыр басындағы ақын- жыраулардың өмірбаяны мен олардың шығармаларын жинаушыларға қатысты көптеген жазба материалдар топтастырылып, ғылыми өңдеуден өткізілді. Сондай-ақ кейбір ескі жазумен жазылған қолжазбалардың толық тізбесі жасалып, олардың қысқаша мазмұны түзілді.1963 жылы Қолжазба жəне мəтінтану бөлімнің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты М.Ғұмарованың құрастыруымен қазақтың аса көркем фольклорлық туындыларының бірі– «Қыз Жібек» жырының қазақ, орыс тіліндегі ғылыми басылымы жарыққа шықты (Қыз Жібек. Құраст.: Н.Смирнова, М.Ғұмарова). Сонымен бірге Фольклор, Қолжазба жəне мəтінтану бөлімдері қызметкерлерінің араласуымен 1961–1964 жылдар аралығында «Батырлар жырының» үш томдық ғылыми басылымы əзірленді (Құраст.:М.Ғұмарова, Б.Уақатов, т.б.).

     1964–1965 жылдары Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің қызметкерлер құрамы кіші ғылыми қызметкер Т.Абдрахмановадан (басқа бөлімге ауысқан) басқалары өзгеріссіз жұмыс істеді. Осы кезде бөлім қызметкерлерінің жұмылуымен қолжазбалардың көрсеткішін дайындау жəне оны ғылыми-техникалық рəсімдеу мен мəтінтанулық зерттеулер бойынша мынадай жұмыстар атқарылды: бөлімнің бүкіл қолжазба қорын талапқа сай тəртіпке келтіру; ақын-жыраулардың өмірбаяны мен оларды жинаушыларға қатысты арнаулы картотека жасау; қордағы барлық материалдардың шифрын түзу; қиын оқылатын ескі араб қарпіндегі мəтіндердің қысқаша мазмұнын жазу.

     Осындай орасан зор жұмыстарды атқару нəтижесінде қолжазба материалдарының мұрағаттанған жəне жанр бойынша жүйеленген картотекасы жасалынды, оның жалпы саны – 80 мың атауды құрады.
     1964 жылы Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің қарымына алғашқы ауқымды жоспарлық жұмыс – қордағы қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын жазу іс-шарасы қолға алынды. Келесі жылы жұмыстың алғашқы нəтижесі ретінде «Қазақ батырлар жырының ғылыми сипаттамасы» атты тұңғыш қолжазбалар көрсеткішін баспаға дайындау жұмысы басталды.

     Қазақстанда алғашқы рет қолжазба мұралардың ғылыми сипаттамасын жазу сынды үлкен тақырыпқа кіріскенде бөлім қызметкерлерінің бұл саладан айтарлықтай тəжірибесі болмаған еді. Сондықтан қызметкерлерге КСРО-ның белгілі ғылыми орталықтары – Москва, Ленинград, Душанбе, Ташкент жəне Рига қалаларындағы қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын жасау жөніндегі беделді ғалымдармен байланыс орнатып, олардың озық тəжірибесінен үйренуге тура келді. Нəтижесінде қолжазба бөлімінде алдымен ғылыми сипаттама жасаудың əдістемелік жобасы жасалды. Бұл тəжірибелік əдістемені бөлімнің кіші ғылыми қызметкері Балташ Ысқақов орындады. Қысқа мезгіл ішінде осы əдістемелік басшылықты негізге алған бөлім қызметкерлері 103 жырдың ғылыми сипаттамасын жазып шықты. Олардың қатарында М.Ғұмарова, Т.Қанағатов, Қ.Қабдолова сынды қызметкерлер 1000 атаулы қолжазба материалға өңдеу жұмысын жүргізіп, 2000-нан астам жанрлық картотека түзді.

     Бөлім жұмыс істей бастаған алғашқы жылдарда ғана қызметкерлердің анықтауымен ғана қолжазбалар қорына КСРО жəне Қазақ КСР Орталық ғылыми кітапханаларынан, сондай-ақ Москва, Ленинград, Қазан қалалары мұрағаттарынан қазақ əдебиеті мен тарихына қатысты 95 сирек кітап пен 40-қа жуық түрлі қолжазбалар алынды.

     1964 – 1966 жылдары бөлім қызметкерлерінің мынадай еңбектері жарық көрді: «Айтыс» жинағының 1–3-томдары (Құраст.: Ш.Ахметов, Б.Ысқақов), «Көрұғлы» (Құраст.: М.Ғұмарова), «Біржан – Сара айтысы» (Құраст.: Б.Ысқақов, Ш.Ахметов), «Сəбит Дөнентаевтың шығармашылық жолы» (Құраст. Б.Ысқақов), «Халық ақыны С.Жанғабыловтың бір томдық таңдамалы шығармалары» (Құраст.: М.Ғұмарова, Г.Жамансарина, К.Сыздықов), «Қазақтың 100 шешендік сөзі» (Құраст.: Т.Қанағатов).

     1966-1968 жылдары бөлімнің қызметкерлер құрамы аға ғылыми қызметкер Ү.Субханбердинадан (қызметке алынған) басқалары өзгеріссіз жұмыс істеді. 1968 жылы 14 наурызда Қолжазба бөлімі меңгерушісінің уақытша атқарушысы міндеті Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі ақын əрі əдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовке жүктелді, кейін ол жария байқау бойынша тағайындалды.

     1968 жылы бөлімге Б.Əзібаева (шілдеден), Е.Байтоқов (тамыздан) сынды жаңа қызметкерлер жұмысқа орналасты. Келесі жылы филология ғылымының кандидаты С.Сейітов «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл» мерейтойлық медалімен жəне мақтау қағазымен, ал 1970 жылы бөлімнің бір топ қызметкерлері: М.Ғұмарова, Б.Ысқақов, Ш.Ахметов, С.Сейітов «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

     1970 жылыбөлім қызметкерлерінің мынадай еңбектері жарық көрді: «Əдеби мұра»атты революцияға дейін жарық көрген қазақ басылымдардағы əдеби мұралар жинағы (Құрастырып, алғысөзін жазған Ү.Субханбердина), «Татар əндері» өлеңдер жинағы (Құрастырып, алғы сөзін жазған С.Сейітов).

     1972 жылы Қолжазба бөлімі жаңа қызметкерлермен толығып, мынадай құрамда жұмыс істеді: С.Сейітов (бөлім меңгерушісі), М.Ғұмарова, Ш.Ахметов, Б.Ысқақов, М.Бөжеев, Ү.Субханбердина (аға ғылыми қызметкерлер), Е.Байтоқов, Г. Сұлтанғалиева, Т. Қанағатов (кіші ғылыми қызметкерлер), С.Шоқпарова, Б.Əзібаева, Қ.Қабдолова (аға лаборанттар), С.Ялымова (лаборант).

     Осы жылы Институт директоры Ə.Шəріповтың 16 наурыздағы No 23 жəне 11 сəуірдегі No 29 бұйрығымен Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің аға ғылыми қызметкерлері М.Ғ.Ғұмароваға Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасы қолжазба қоры бойынша істеген ғылыми өңдеу жұмыстары жəне Ү.Субханбердинаға «Қазақ кітаптары» (1807-1917 жж.) библиографиялық көрсеткішін құрастырғаны үшін алғыс жарияланды.

    1973 жылы Институт басшылығының ұйғарымымен Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің негізінде Фоно-фото-кино бөлімі жасақталды.

     Жаңа құрылған бөлімінің жетекшісі болып тəжірибелі маман Ү.Субханбердина тағайындалып, ғылыми жұмысына П.Рожковский, Ж.Молдағалиев, Т.Гаитов сияқты қызметкерлер жұмысқа тартылды. Ал 1975 жылы А.Жетпісбаева, Ф.Оразаева сынды қызметкерлермен тағы да толықты.

     1972–1973 жылдары мынадай ғылыми еңбектер жарық көрді: Ү.Субханбердинаның құрастыруымен «Қазақ кітаптары» (1807-1917 жж.) библиографиялық көрсеткіші (1972), фольклортанушы М.Ғұмарованың құрастыруымен «Көрұғлы» (1973) дастаны.

     1975 жылы 1 шілдеде Институт басшысының бұйрығымен фольклортанушы, филология ғылымының кандидаты О.А.Нұрмағамбетова институт директорының орынбасары қызметінен босатылып, Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы кезде бөлімге Б.Балажанов, Ж.Əбішев (аға лаборанттар), З.Уəлиева (лаборант) сияқты мамандар қызметке алынады.

     Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің 1976–1978 жылдардағы жоспарлы зерттеу тақырыбы «Қазақ фольклоры үлгілерінің көптомдық басылымы жəне оның мəтінтану мəселелері» деп аталады (жетекшісі – О.Нұрмағамбетова), оның орындалуына фольклортану бөлімінің қызметкерлері де қатысты. Бұл тақырып бойынша қаһармандық эпостың 1-томы, айтыстың 1-томы, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» алғашқы кітабы (Батырлар жыры. 1-том. /Жалпы редакциясын басқарған – академик М.Ғ.Ғабдуллин. Алматы, 1975.), сонымен бірге Шығыс хикаяларының желісіне құрылған «Ғашық-наме» жинағы (Құраст.: Ү.Субханбердина), қазақ, орыс тілдеріндегі «Қобыланды батыр» жыры нұсқалары (Құраст.: Н.В.Кайдш–Покровская, О.Нұрмағамбетова) жарыққа шықты.

     1978–1979 жылдары Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің құрамына М.Шафигов (кіші ғылыми қызметкер), Ə.Алманов (аға лаборант) қабылданса, Фоно-фото-кино бөлімі кадрлық өзгеріссіз жұмыс істеді.

     1979 жылы М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының басшылығы қазақ халқының əдеби мұраларын зерттейтін Қолжазба орталығын ашу жөнінде мəселе көтерді. Бұл ұзақ жылдар бойы жинақталып, қордаланып келген көкейкесті мəселе болатын. Орталық ашу мəселесі сол кездегі республикалық баспасөзде, əдеби-ғылыми еңбектерде, баяндамаларда жекелеген адамдардың пікірі ретінде айтылып келген еді.

     Бұл бастамаға осы салада көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан, қазақ қолжазбаларының проблемаларын жақсы білетін, халық мұраларына жаны ашитын зиялы қауым өкілдері мен институттың фольклортанушы, əдебиеттанушы ғалымдары ұйытқы болды. Олар Қазақ республикасының үкіметіне жазған ұсыныс хаттарында 1976 жылы КСРО Жоғары Кеңесі қабылдаған «Тарихи жəне мəдениет ескерткіштерін қорғау жəне оларды пайдалану» туралы заңына сүйене отырып, Қазақ КСР Ғылым академиясына қарасты ғылыми-зерттеу институттарында тарих, этнография, фольклор, əдебиет тарихы жəне өнер салаларына қатысты қолжазбалардың мол қоры жинақталғаны алға тартылып, бұл мұралардың ғылыми маңызы жылдан жылға арта түскеніне, олардың Қазақстан мен Орта Азияның тарихы мен мəдениетін, өзге де ғылым салаларын зерттеуде, сондай-ақ ел экономикасы мен шаруашылығын дамытуда зор тарихи рөлі бар екендігіне, бірақ соңғы кезге дейін оларды сақтау, ел игілігене жаратып пайдалану, ғылым тұрғыдан зерттеу жұмыстарының істелмегендігіне назар аударды.

     Қазақстан халқының сол кезеңдегі қалыптасқан рухани-экономикалық жағдайына байланысты жаңа іс-шараларды жедел қабылдаудың қажеттілігі дəлелденді. Əсіресе М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының Қолжазба бөліміндегі жəне Қазақ КСР ҒА-ның Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорларындағы мұраларды заман талаптарына сай сақтау жəне ғылыми өңдеу қажет ететіндігі баса айтылды. Қазақ КСР А.С.Пушкин атындағы көпшілік кітапханасы қорында (қазір ҚР Ұлттық кітапханасы), сондай-ақ Москва, Ленинград, Ташкент, Фрунзе, Қазан, Уфа, Астрахань, Омбы т.б. қалалардың орталық кітапханалары мен мұрағаттарында сақталған қазақ қолжазбаларын елге қайтару мəселелері де сөз болды.

     Қолжазба мұраларға байланысты қордаланған мəселелер қорытыла келіп, жоғарғы билік орындарына төмендегідей ұсыныстар жасалды:

а) қазақ жəне өзге тілдердегі (қазақ халқының тарихы мен мəдениетіне қатысты еместер де бар) қолжазбалар мен литографиялық басылымдарды бір жерге жинақтау;

ə) олардың заман талаптарына сай дұрыс сақталуына жағдай жасау;

б) қолжазба мұралардың ғылыми құндылығын анықтау мақсатында ғылыми- сараптамалық жұмыстар жүргізу.

     Сонымен, бұл ұсыныстарды орындаудың тиімді жолы – Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Əуезов Əдебиет жəне өнер институты құрамында «Қолжазба жəне мəтінтану орталығы» ғылыми құрылымын ашу қажет деп есептелді.
     
     Болашақ «Қолжазба орталығының» құрылымы мына құрамда қарастырылды:
 
  1. Сақтау жəне фотолаборатория секторы – 7 қызметкер
  2. Қолжазбаларды өңдеу жəне қайта қалпына келтіру секторы – 7 қызметкер
  3. Мəтінтану секторы – 8 қызметкер
  4. Жарияланым секторы – 9 қызметкер
     Əдебиет жəне өнер институтының ғылыми орталық ашу туралы сұранысын қолдап, Қазақстан КП Орталық комитеті басшылығына өз тарапынан ұсыныс жасады(М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты басшылығының Қазақстан КП Орталық комитетімен Институт жанынан жаңа Қолжазба орталығын ашу туралы жазысқан хат-хабарлары. 1979. Дереккөз: Институт мұрағаты). Бірақ бұл жақсы бастама, бағалы ұсыныс белгісіз себептермен іске асқан жоқ.
 
     Осы жылдары Фоно-фото-кино бөлімінің құрамына М.Аманкұлов (инженер), М.Дəрімбетов (лаборант), М.Ұйықбаева (стажер), М.Жиенғалиев (инженер) сынды қызметкерлер алынды.
     
     1981–1982 жылдары Мəтінтану жəне қолжазба бөлімінің құрамы 1 лаборантпен (Г.Мамутова) толықты. Аталған жылдары «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көптомдығын баспаға дайындау жұмысы жалғастырылып, 1979 жылы көрсеткіштің 2-томы «Ғашықтық жырлар» (Құраст.: З.Ахметов, Ш.Ахметов, М.Ғұмарова) жəне 1981 жылы 3-томы «Тарихи жырлар» деген атпен (Құраст.: З.Ахметов, Ш.Ахметов, М.Бөжеев) жарық көрді.
 
     1983 жылы Қолжазба жəне мəтінтану бөлімі мен Фоно–фото–кино бөлімі біріктіріледі де, ол «Қолжазба жəне фоножазба бөлімі» болып қайта құрылады. 1983– 1985 жылдары бөлімнің меңгерушісі міндетін институт директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Б.Базарбаевтың өзі қосымша атқарады.
 
     1983–1986 жылдары бөлімге қызметке А.Айдашев, И.Муршель (кіші ғылыми қызметкер) алынып, 1989 жылы олардың қатарына С.Сүтжанов, Г.Түлкібаева (аға лаборанттар), З.Парфенова (жұмысшы), Д.Есенжанова (стажер-зерттеуші) қосылды.
 
     Бұл жылдары да «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» (ХҮ-ХІХ ғасырлардағы ақындар шығармашылығы) көптомдығын дайындау ісі қарқын алып, бөлім қызметкерлерінің қатысуымен көрсеткіштер топтамасының 4 – 6 томдары (1985, 1989), «Қазақ халық əдебиеті» көптомдығының он бір томы, дəлірек айтқанда, «Батырлар жырының» бес томы (1986–1989), «Ертегілердің» төрт томы (1988–1989), «Айтыстың» екі томы (1988) жарық көрді. Жинақтарды құрастырып, ғылыми түсініктерін жазуға М.Ғұмарова, О.Нұрмағамбетова, Қ.Сыдиықов, Ж.Əбішев, А.Айдашев, Т.Алпысбаев, Е.Құдайбергенов, А.Алманов сияқты қызметкерлер қатысты.
 
     1990 жылдың 1 тамызы күні Қазақстан үкіметі өз шешімімен «М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институты жанынан «Қолжазба жəне мəтінтану» ғылыми орталығын ашу туралы» арнайы қаулысын қабылдады. Бұл Қазақстан тарихында тұңғыш рет ашылған ескі қолжазбалар мен литографиялық кітаптарды зерттеумен айналысатын бірден-бір мамандандырылған ғылыми құрылым болды.
 
     «Қолжазба жəне мəтінтану» ғылыми орталығы құрамына жаңадан ашылған: Ғылыми сипаттама жəне жүйелеу, Фольклорлық жазбалар жəне мұрағаттау бөлімдері, сондай-ақ бұрынғы Қолжазба жəне фоножазба бөлімінің негізінде құрылған «Мəтінтану жəне жариялау» бөлімдері енгізілді.
 
     Орталықтың жетекшісі лауазымына белгілі фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты Шəкір Ыбраев тағайындалды. Ал оның үш құрылымдық бөлімдеріне: Мəтінтану жəне жариялау бөліміне – филология ғылымының докторы Ə.Нарымбетов, Фольклорлық жазбалар жəне мұрағаттау бөліміне – жазушы-этнограф, филология ғылымының кандидаты А.Сейдімбеков, Ғылыми сипаттама жəне жүйелеу бөліміне – филология ғылымының кандидаты Ш.Ыбраев меңгеруші (бұл қызметті қосымша атқарды)болып бекітілді.
 
     1985–1990 жылдарға арналған «Қазақ фольклорының үлгілері» атты ғылыми-зерттеу жоспарының жұмысын Мəтінтану жəне жариялау бөлімі атқарды. Құрамында Ə.Нарымбетов (тақырып жетекші), Б.Əзібаева (аға ғылыми қызметкер), Ə.Алманов (ғылыми қызметкер), Ж.Əбішев, Т.Алпысбаев (кіші ғылыми қызметкерлер), К.Ханафин (аға лаборант), Г.Сыдықова, М.Өтемісова, О.Некрасова, Г.Сұлтанбаева (лаборанттар) сынды қызметкерлер жұмыс істеді.
 

     Осы кезеңде «Қазақ халық əдебиеті» көптомдығын баспаға дайындау жұмысы да жалғасын тауып, «Батырлар жырының» бір томы (1990), «Дастандардың» екі томы (1990) жəне «Дала уалаяты газетінің» əдеби нұсқалар мəтіндерінің үш кітабы (1989, 1990, 1992) жарық көрді. Бұл жинақтарды құрастырып, ғылыми түсініктерін жазғандар: О.Нұрмағамбетова, Қ.Сыдиықов, Ү.Субханбердина, Б.Əзібаева, М.Шафиғов, Т.Алпысбаев, Е.Құдайбергенов сынды қызметкерлер болды.

     Көптомдықтарға «Едіге», «Алаңқай», «Бозқұлан», «Күреңбай», «Шора», «Шал батыр», «Бозоғлан», «Бахтияр»,«Шəкір-Шəкірат», «Мұңлық-Зарлық» т.б. ондаған бұрын жарияланбаған жырлар мен дастандардың нұсқалары мен версиялары енгізілсе, əдеби нұсқаларда «Дала уалаятының газетінде» жарияланған таңдамалы материалдар берілді.
 
    1990–1995 жылдарға арналған «Фольклорлық мұраларды жинау, сақтау жəне жүйелеу əдістемесінің мəселелері» атты жоспарлы ғылыми-зерттеу жұмысымен Фольклорлық жазбалар жəне мұрағаттау бөлімі шұғылданды. Бұл бөлімнің қызметкерлері: А.Сейдімбеков (тақырып жетекшісі), Ф.Оразаева (аға ғылыми қызметкер), Ұ.Əбдіғаппарова, Қ.Алпысбаева, Қ.Əбілқасымов, Ф.Бейсенбаев, С.Сүтжанов, С.Оразбаев, Д.Есенжанова, Ғ.Қалибекұлы (кіші ғылыми қызметкерлер), Г.Молдашева, Ф.Қабдықайыров, Г.Жиенбаева (аға лаборанттар), Ш.Тұмсабаева (лаборант). 
 
     Фольклорлық жазбалар жəне мұрағаттау бөлімі 1990 жылдан бастап жұмыс істеді жəне онда мынадай ғылыми жұмыстар атқарылды:
 
     а) қолжазбалар мен фоно-фотоматериалдарды ғылыми жүйелеу жəне олардың картотекасын жасау;
     ə) араб, латын əріптерінде жазылған қолжазбаларды қазіргі қазақ жазуына түсіру жəне оларды қайта жаңғыртудан өткізу;
     б) қолжазба қорын байыту мақсатында ғылыми экспедициялар ұйымдастыру жəне олардың жұмысын реттейтін координациялық жұмыстар жүргізу;
     г) қолжазба орталығының жұмысын жетілдіру үшін фольклорлық мұраларды жинау, сақтау жəне жүйелеу жұмыстарының əдістемелік көмекші құралын басып шығару.
 
     Осы жылдары «Қазақ қолжазбалары жəне оларды ғылыми сипаттау мен жүйелеудің проблемалары» атты тақырыппен Ғылыми сипаттама жəне жүйелеу бөлімі қызметкерлері шұғылданды. Бөлімде Ш.Ыбыраев (тақырып жетекшісі), Ү.Субханбердина (аға ғылыми қызметкер), М.Шафиғов (ғылыми қызметкер), Қ.Саттаров, С.Сəкенов, Г.Түлкібаева, Б.Қорғанбеков, М.Бекмолдаев, Б.Шоңқабаев, П.Əуесбаева, Ж.Шалғынбаева, А.Сағындықұлы (кіші ғылыми қызметкерлер), Т.Əлбеков, З.Сəмтікбаева, С.Баһрамова (аға лаборанттар) Г.Жиенбаева (лаборант) қызмет істеді. Бөлімнің жұмыс жүйесі халықаралық Аарне – С.Томпсен əдістемесі бойынша атқарылды.
     1992 жылы қоғамдағы уақытша қиындықтарға байланысты мекеме құрылымдарында көптеген өзгерістер орын алды. Институт директорының 24 наурыздағы No 40 бұйрығы бойынша қызметкерлер саны қысқартылды да Фольклорлық жазбалар жəне мұрағаттау жəне Қолжазба жəне фоножазба бөлімдерінің негізінде Деректану, библиография жəне ғылым тарихы бөлімі құрылды. Жаңа бөлім мынадай құрамда жасақталды: Ə.Нарымбетов (бөлім меңгерушісі), Г.Ордаева, Ж.Исаева, Д.Əбдіков (аға лаборант), Г.Қанаева (архив меңгерушісі), Г.Ибрагимова (лаборант).
 
     Институт басшысының 1994 жылғы 15 желтоқсандағы No146 бұйрығымен сол жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында мекеменің бөлім меңгерушілері мен ғылыми қызметкерлері арасында өткізілген аттестациялау қорытындысына байланысты ғылыми күштерді үнемді пайдалану мақсатында кейбір бөлімдер біріктірілді, соған орай екі жыл бұрын құрылған Деректану, библиография жəне ғылым тарихы бөлімі енді «Қазіргі қазақ əдебиеті» бөліміне қосылды.
     
     1995 жылы Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің меңгерушісі болып филология ғылымының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов тағайындалды (бұл қызметті 1998 жылға дейін атқарды).
 
     Сол жылдары бөлімде қолжазбаларды жүйелеуге байланысты үлкен шаралар қолға алынып, қорда сақталған мұраларға атауына, бумасы мен жанрына байланысты картотека жасалып, кейін оның электронды нұсқалары түсіріле бастады. Институттың фоно қорында сақталған үнтаспаларды (жалпы ұзындығы – 700 шақырымға жуық) тыңдауға, зерттеуге қолайлы жəне болашақ ұрпаққа жақсы сақталған күйінде жеткізу үшін заманауи техниканы пайдаланып, CD-ROOM–ға көшірілді. Сонымен қатарҚазақ қолжазбаларының текстологиясына қатысты екі монографиялық зерттеу жазылды. Əсіресе, халық мұраларын тарих қойнауынан үлкен қажырлықпен қайта жаңғыртқан танымал библиограф, əдебиетші ғалым Ү.Субханбердинаның еңбегі зор.
 
     Осы жылдары Ү.Субханбердинаның жетекшілігімен «Қазақ. Алаш. Сарыарқа» (1993), «Дала уалаяты газеті» жинағының 4, 5-ші кітаптары (1994, 1996), «Ғашықтық дастандар» (1994), «Батырлық дастандар» (1995), «Айқап» (1995) жəне əдебиетшілер: А.Сейдімбековтің, Б.Əзібаеваның, Б.Адамбаевтың, М.Шафиғидың, С.Сəкеновтың т.б. құрастырып, дайындауымен «Абылай хан» (1995), «Кенесары – Наурызбай» (1995), «Мақал–мəтелдер» (1996) сияқты жинақтар жарыққа шығып жатты.
     
      Бұл кезеңде қазақ əдебиеттануы тарихында бұрын қолға алынбаған ХІХ ғасырдың 2- жартысында Қазақстан аумағында шығып тұрған алғашқы мерзімді басылым – «Түркістан уалаяты газетінің» əдеби нұсқаларымен халқымыз қайта қауышты (Құраст.: Ү.Субханбердина, П.Əуесбаева, Т.Əлбеков, С.Қосан, Т.Əкімова).
 
     Одан соң «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасының» 7-томы (Ертегілер) баспаға тапсырылды. Бірақ қаржы қиындықтарына байланысты бұл жинақтар біраз кідірістен соң 2003 жылы ғана баспадан шықты.
 
    1998 жылы бөлім меңгерушісі болып филология ғылымдарының докторы Ж.Тілепов тағайындалды. Бөлімде қолжазба мұраларды жүйелеу жұмыстары жалғастырылып, 1998 жылы қызметкерлер Ұлттық Ғылым академиясы ұйымдастырған ғылыми экспедицияға қатысты. Осы сапарлар барысында жинақталған материалдардың негізінде 2001 жылы «Қазақ халқының мақалдары мен мəтелдері» атты жинақ баспаға əзірленіп, кейін жарыққа шығарды (Құраст.: Қ. Алпысбаева, П. Əуесбаева, Т. Əлбеков, С. Қосанов, С. Сəкенов).
 
     1999 жылы ХІХ ғасырдың белгілі өкілі Шал ақынға байланысты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, ақын шығармалары алғаш рет «Шал Құлекеұлының шығармашылары» деген атпен жеке жинақ болып басылып шықты (Құраст.: С.Қосанов, Т.Əлбеков).
 
     2000–2006 жылдары Қолжазба жəне мəтінтану бөліміне филология ғылымдарының докторы Б.Əзібаева жетекшілік жасады. Бұл жылдары құрылымда Қ.Алпысбаева, С.Ақашева, Ж.Шалғынбаева, П.Əуесбаева, Р.Əлмұханова, Т.Əлбеков, С.Қосан, М.Жұмəділова, Б.Əбжетов, Т.Əкімова, Ж.Рақышева, Н.Мұрсəлімова, Г.Тұрлықожаева, Ж.Салтақова, А.Ақан, Г.Сапарғалиева, Н.Садықова, Д.Дайыров, Б.Жайлыбаев, М.Əлсейітова еңбек етті.
 
     2002 жылы Орталық қызметкерлері мысал жəне жазба айтыстардың жеке-жеке жинақтарын баспаға əзірлеп, академик С.Қасқабасовтың бастамасымен «Бабалар сөзі» көптомдығының алғашқы жеті томы жарық көрді. Олар мыналар: «Діни дастандар»(1–3 томдар), «Хикаялық дастандар» (4–5 томдар), «Жұмбақтар» (6-том), «Шора батыр» жыры (7-том). Томдарды баспаға дайындауға Б.Əзібаева, Қ.Алпысбаева, Т.Əлбеков, С.Қосан, М.Жұмəділова, Б.Əбжетов, Т.Əкімова, Ж.Рақышева сынды бөлім қызметкерлері жəне Ш.Керім, Б.Қорғанбеков сияқты басқа мекемелер мамандары тартылды.
 
     Сондай-ақ осы жылы бөлім жоспарынан тыс негізде «Қазақтың мифтік əңгімелері» (Құраст.: Ш.Ыбыраев, П.Əуесбаева) жинағы жарық көрді.
 
     2004 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаевтың арнайы қаулысымен орасан зор Мемлекеттік «Мəдени мұра» бағдарламасы жасалып, оны жүзеге асыру жұмысы басталды. Шын мағынасында ұлттық ауқымдағы ұлы рухани жоба болып саналатын «Мəдени мұра» бағдарламасының бір тармағы қазақ фольклорының 100 томдық жаңа ғылыми басылымын даярлау іс-шарасы қолға алынып, ол «Бабалар сөзі» сериясы деп аталды. Жүзтомдықтың жоспарын жасауға академик С.А.Қасқабасов бастаған институттың танымал ғалымдары атсалысты.
 
     «Бабалар сөзі» сериясы бойынша қазақтың аса бай фольклорлық мұралары Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің 2002 жылы басталған жоспарлы жұмысының жалғасы ретінде, бірақ жаңа үлгідегі ғылыми басылым болып дайындалып, Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан шығаруға келісім-шарт жасалды.
 
     2004–2006 жылдары мына жүйеде жиырма төрт том фольклорлық мұра жарық көрді: тоғыз том – «Хикаялық дастандар» (1– 9 томдар), жеті том – «Діни дастандар» (10 – 16- томдар), алты том – «Ғашықтық дастандар» (17 –22-томдар) жəне екі том – «Қытайдағы қазақ фольклоры» (23, 24-томдар). Томдарды құрастырып, ғылыми қосымшаларын жазуға Б.Əзібаева, Қ.Алпысбаева, П.Əуесбаева, Т.Əлбеков, С.Қосан, М.Жұмəділова, Б.Əбжетов, Т.Əкімова, Ж.Рақышева, Ж.Салтақова, А.Ақан секілді қызметкерлер ат салысты жəне Қытай Халық республикасында тұратын қазақ азаматы Оразанбай Егеубаев үлкен азаматтық үлес қосты.
 
     2005 жылы «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көрсеткішінің дастандарға арналған 8-томы жұмысы сəтті аяқталып баспадан шықты (Құраст.: Қ.Алпысбаева).
     
     2006 жылы қараша айында Қолжазба жəне мəтінтану бөлімінің негізінде «Мəтінтану жəне деректану» жəне «Қолжазба» деген екі дербес құрылым жасақталды.
 
     Жаңа Қолжазба бөлімінің жетекшісі қызметіне ақын əрі əдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан тағайындалды. 2006–2009 жылдары бөлімде С.Қосан (меңгеруші), Қ.Алпысбаева, С.Сəкенов, Қ.Тастанов, Т.Əкімова, Ж.Салтақова, М.Əлсейітова, Е.Сманова, Б.Тұрлымбеков, М.Меңлібаева, С.Айпенова, Г.Иманəлиева, Н.Елесбай, Ғ.Райыс (2009 жылдан), А.Оралбек (2009 жылдан) қызмет атқарды.
 
     Аталған кезеңде «Бабалар сөзі» сериясы бойынша отыз тоғыз том төмендегі жинақтар басылып шықты: сегіз том–«Қытайдағы қазақ фольклоры» (25–32-томдар), жиырма том –«Батырлар жыры» (33 – 52-томдар), үш том –«Ғашықтық жырлар» (53–55- томдар) жəне сегіз том –«Тарихи жырлар» (56–63-томдар).Жинақтарды құрастырып, ғылыми қосымшаларын жазуға бөлім қызметкерлері: С.Қосан, Б.Əзібаева, Қ.Алпысбаева, Т.Əлбеков, Т.Əкімова, С.Сəкенов, Қ.Тастанов, Ж.Рақышева, Ж.Салтақова, А.Ақан, Б.Тұрлымбеков, Н.Мұрсəлімова, Н.Елесбай, А.Оралбек жəне басқа бөлімдерден С.Қорабаев, О.Егеубаев, С.Дəуітұлы, А.Əлібекұлы, М.Шафиғи жұмылдырылды.
 
     2010 жылы бөлім меңгерушісі қызметіне филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Əлбеков тағайындалды жəне бөлімге жаңа қызметкерлер алынды (Қ.Орынғали, Н.Мұрсəлімова).Осы жылы «Бабалар сөзі» сериясы бойынша жеті жинақ дайындалды: бір том – «Жұмбақтар» (64-том); бес том – «Мақал-мəтелдер» (65– 69- томдар); бір том – «Қара өлең» (70-том) жəне жоспардан тыс жұмыс бойынша «Қазақ қолжазбалары» сериясының екі томы (Авторлық тарихи жырлар. 1, 2-томдар.) басылым көрді. Жинақтарды құрастырып, ғылыми қосымшаларын дайындаушылар: Т.Əлбеков,Қ.Алпысбаева,С.Қосан, Қ.Орынғали, Т.Əкімова, Н.Елесбай, А.Оралбек, Ш.Керім, Г.Рахымбаева.
 
     Бөлім қызметкерлері 2002– 2010 жылдары бекітілген жоба бойынша қорда сақталған қолжазбаларды жүйелеу, олардың электронды каталогын жасау, ғылыми сипаттамасын жазу, қазақ эпосының бұрын-соңды жарық көрмеген таңдаулы үлгілері мəтіндерінің электронды жинағын əзірлеу жұмыстарына белсене араласып, іргелі зерттеулерге қол жеткізді. Дəлірек айтқанда, көрсетілген мерзімде «Электронды жинақтың» 1– 38 томдарын, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көрсеткішінің 9-томын баспаға əзірлеп, қолжазбалардың 1– 738-бумаларын жүйеге түсірді жəне олардың электронды каталогын жасады.
 
     Бөлім қызметінің іргелі зерттеу бағыты бойынша «Тəуелсіздік идеясын жырлайтын қазақ эпостарының қолжазба нұсқалары: сақтау, жүйелеу, жариялау мəселелері» атты монографиялық зерттеу еңбегін жариялау болатын.
 
     Ұжымдық еңбекте Институттың қолжазба бөлімінде жəне еліміздің өзге де сирек қорларында сақталған эпостық шығармалар – Алпамыс батыр, Қобыланды батыр, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Едіге, Орақ-Мамай, Қарасай-Қази, Абылайхан, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Ер Ағыбай, Жанқожа батыр т.б жырлардың жиналу тарихы, сақталу жəне жариялану үдерістері, нұсқаларының сюжеттік желісіндегі ерекшеліктері талданып, туындыларға арқау болған халықтар ынтымағы, ұлт бірлігі, ел тəуелсіздігі, мемлекет тұтастығы, отаншылдық идеялары жан-жақты қарастырылды.
 
     2019-2020 жылдар аралығында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында бөлім қызметкерлерінің атсалысуымен «Дала фольклоры антологиясының» 10 томдығы жарық көрді (Жалпы редакциясын басқарған – К.Матыжанов; Жауапты редакторы – Т.Əлібеков).
 
     2019 жылы антологияның «Батырлар жыры» (1-2 том), «Тарихи жырлар» (3-том), «Ғашықтық жырлар» (4-том), «Дастандар» (5-том) томдары, ал 2020 жылы «Ғұрыптық фольклор» (6-том), «Прозалық фольклор. Ертегілер» (7-том), «Прозалық фольклор. Аңыздар» (8-том), «Халық өлеңдері» (9-том), «Ғибратты фольклор. Шағын жанрлар» (10-том) томдары жарық көрді.
 
     «Қолжазба жəне текстология» ғылыми-инновациялық бөлімі 2021 жылы Институттың Бас директоры К.Матыжановтың 1 маусымдағы бұйрығымен «Қолжазба жəне фольклортану» ғылыми-инновациялық орталығы болып қайта жасақталды. Орталықтың директоры болып филология ғылымдарының кандидаты, доцент Т.Қыдыр тағайындалды.
 
     Орталықтың ішінен «Мəдени мұраны цифрландыру зертханасы (меңгерушісі Н.Мурсалимова) мен «Қолжазба қоры» (меңгерушісі Н.Елесбай) құрылды.
 
     Бүгінде Орталық қызметкерлері үш жоба аясында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. 2020-2022 жж. Мемлекеттік гранттық қаржыландыру бойынша:
  1. «Қазақстанның қолжазба мұрасын ұлттың «Рухани жаңғыру» парадигмасы ретінде тану: жинау, сақтау, цифрландыру, жүйелеу, электронды каталогтау, жариялау жəне зерттеу» Жоба жетекшісі – Т.Қыдыр;
  2. «Орыс шығыстанушы-түркітанушыларының ХХ ғасырға дейінгі жинақтарында қазақ фольклоры мен əдебиетінің орын алуы. Нарративті дереккөздері». Жоба жетекшісі – П.Əуесбаева.
  3. «Қазақ текстологиясы: негізгі мəтін мен авторды анықтау (аттрибуция) мəселелер». Жоба жетекшісі – Қ.Алпысбаева.
     Сондай-ақ, Орталық қызметкерлері 2019-2021 жж. арналған «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» мемлекеттік тапсырысының аясында орындалатын «Дала фольклорының антологиясының» 10-15 томдарын баспаға дайындап жатыр.